kzruen   info@almaty-university.kz    +77026005500      Версия для слабовидящих     

Студенттер қатарына қабылдау кеші өтті

             2019 жылы 11 қазан күні Алматы университетінде күні кеше оқу орда табалдырығын аттаған бірінші курс білімгерлерін «Студенттер қатарына қабылдау»  кеші өтті.  Қиялдарын қанаттарына байлап, асқақ арман жетелеген жас ұландар өмір жолындағы қызықты да, бақытты кез студенттік шақтың басталғанын енді сезінгендей болды.

             Салтанатты кешті ұйымдастыруда университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры С.Қ.Әлдекенов және белсенді студенттер атсалысты.

             Мерекелік кешке университет ректоры, кафедра меңгерушілері, профессор –оқытушылар құрамы  және бірінші курс студенттері қатысты.

             Шара шымылдығын ашқан университет ректоры Мүбарак Ермағанбетұлы  «Мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алу, студент атану – әрбір жастың арманы. Студенттік жылдар – саналы өмірдің ең бір шаттыққа толы кезеңі. Осы қуанышқа толы сәттеріңді тиімді пайдалана отырып, білімнің терең тұңғыйығына сүңгіңдер. Біз сіздерге әрқашан да демеу боламыз. Ендеше барлықтарыңызды бүгінгі студенттік қатарға қабылдау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» – деп өзінің жүрек  жарды тілегін жеткізді.

              Ғылыми кеңесінің хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты,  доцент  Селкебаева Айман  Тоқтасынқызы  білім  алушыларды құттықтап, өз шығармашылығынан өлең жолдарын арнады.               Мерекелік  кеш барысында  жоғарғы курс студенттерінің  дәстүрлі студенттік билет, сынақ кітапшасы және білімнің алтын кілтін  табыстау  рәсімі көрсетіліп, оқу ордамыздың бірінші курс студенттері Алматы университетінің  студенті деген атқа лайықты болуға ант берді.

              Сондай-ақ «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті,  талантты  жас ақын  Мұқамет Үмітнұр «Көлік және жүк қозғалыстарын тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығының 1-курс студенті Төлегенов  Дәуренге университет алауын сөндірмеуге аманат етіп табыстады. Кешке арнайы келген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Алан Ағади мен Динара Семейхан  ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Салтанатты кеш одан әрі университет өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

               

WordPress Lessons