kzruen   info@almaty-university.kz    +77026005500      Версия для слабовидящих     

«Университет аруы-2020» байқауы өтті

      Қыз қашанда қылығымен көрікті. Осыған орай, 2020жылдың 4 наурыз күні Алматы университетінің  жыл сайынғы дәстүріне айналған,  көктемнің шуақты күнімен құлпырған арулар арасында «Университет аруы-2020» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – қатысушы аруларды ізгілікке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке баулу. Байқаудың ұйымдастырушысы тәрбие ісі жөніндегі проректоры С.Қ.Әлдекенов ақылына көркі сай хас сұлулар арасынан  таңдаулы сегіз қызды іріктеп, дайындады. 

          Сұлу да сымбатты, білімді де өнерлі, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін жетік білетін арулар сайысы 6 кезеңнен тұрды.

        Арулар сайысына қазылар алқасының төрайымы – Қазақстан Республикасының Еңбек  сіңірген мәдениет қайраткері, Халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші Сандуғаш Стамғазиева, төрайым орынбасары – Әуезов ауданы әкімінің орынбасары – Дастан Қайратұлы, университет ректоры, профессор  Ермағанбетов  Мүбарак  Ермағанбетұлы,  Әуезов ауданы әкімі аппаратының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы –Тұрдыбаева Кәмшат Зейнетқызы, шоумен – әнші Алан Ағади төрелік  етті.

           Алты түрлі сайысты тамашалаған Алматы университетінің студенттері мен кеш қонақтары қазақ қыздарының өнерлеріне дән риза болды.  Бар шеберліктерін салып өнер көрсеткен арулар сұлулылығы мен сымбаттылығы, ақылдылығы, инабаттылығы, өзін-өзі ұстай білуі, өнері, ән айту, би билеу, мәнерлеп оқу, білім деңгейлеріне қарап бағаланды. «Университет аруы» атанамын деп келген қыздардың білімділігімен қатар тапқырлығы да сынға түсті. «Салтын сақтаған ару – халқын сақтайды» – демекші қатысушыларға қазақ халқының дәстүрін көрсетіп, образға кіру – оңайға түскен жоқ. Қазылар алқасы сайыскерлерді қатал сынап, әділ шешім жасауға тырысты.

              Тартысты сайыстың нәтижесінде барлық талапқа сай болған «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының  1-курс студенті Шалқарбай Айдана бас жүлдені жеңіп алды. 1-орынды «Психология» мамандығының 1-курс студенті Советова Марал, 2-орынды «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 1 курс студенті Құттымбай Жібек және  «Құқықтану» мамандығының 1 курс студенті Қуанышбекқызы Гүлназ,  3-орынды «Қаржы» мамандығының 1 курс студенті Есенгелді Әсем және  «Педагогика және психология» мамандығының 1 курс студенті Рысдәулет Амина  иеленді. Өз өнерімен айқын дараланып, көзге түскен Сұлтанбай Айтолы «Өнерлі ару» номинациясына ие  болды. Жиналған көпшіліктің көңілінен шыққан Бөлекбай Меруерт «Көрермен көзайымы» атанды.

             Жеңімпаздарды құттықтау рәсімінде Алматы университетінің ректоры Ермағанбетов Мүбарак Ермағанбетұлы «Университет аруы-2020» байқауына қатысушы қыздардың барлығына оқу ақысын төлеуге жеңілдік бере отырып, мақтау қағаздарымен, арнайы сертификаттармен  марапаттады. 

             Университет басшылығының қолдауымен өткен сайыс, жыл сайын жалғасын таппақ.

WordPress Lessons