kzruen   info@almaty-university.kz    +77026005500      Версия для слабовидящих     

Алматы университетінде «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесі ашылды

07.06.2019 күні Алматы университетінде «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесінің салтанатты ашылу рәсіміне орай «Ұлт өмірінің басты бағдары-рухани жаңғыру» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Айтулы іс-шараға Алматы қаласының «Рухани жаңғыру» офистік жобасының төрайымы Қоңырова Гүлнара Қалелқызы, Абай атындағы ҚазҰПУ-ң «Рухани жаңғыру» офистік жобасының төрағасы Иманбердиев Борасыл Жақыпбекұлы, Қ.И. Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық және зерттеу университетінің «Рухани жаңғыру» офистік жобасының төрайымы Есбосынова Әйгерім Байдәулетқызы және Әуезов ауданы «Нұр Отан» партиясының құрметті өкілі Сарқытбаева Дария Әбіқұлқызы келіп қатысты.

Мәдени іс-шараның бағдарламасына сәйкес алдымен «Рухани жоба» кеңсесінің тұсаукесер рәсімі болды. Салтанатты рәсімнен кейін университет ректоры Мүбарак Ермағанбетұлы сөз сөйлеп, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласының маңызына, оның нақты бағыттарына аз-кем тоқталып өтті. Қорытынды сөзінде: «Бүгін, міне қазақ руханиятының ұранына айналған «Рухани жаңғыру – болащаққа бағдар» бағдарламасы аясында Алматы университетінің «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесі салтанатты түрде ашылды. Алдағы уақытта осы орталықта біздің оқытушыларымыз бен студенттеріміз тамаша жобалар, тың идеяларды жүзеге асырып, игі істердің шырағын жағады деп ойлаймын. Мұнда өткен іс – шаралар жастарымыздың ішкі жан дүниесіне әсер етіп, білімге, ғылыми ізденіске ерекше ықыласпен, риясыз көңілмен ден қоятынына кәміл сенемін. Абай атамыз айтқан: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер» деген өсиет сөзі рухани орталықтың басты ұраны боларына сеніміміз мол!»,-деді Мүбарак Ермағанбетұлы.

Келесі кезекте «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі, п.ғ.к., доцент Ахатаева Калия Байқоңырқызы «Ұлт өмірінің басты бағдары-рухани жаңғыру» тақырыбында университет көлемінде атқарылған іс-шаралар жайлы ақпарат берді. «Рухани жоба» кеңсесінің безендірілуімен таныстырып өтті.

Салтанатты шараға келген қонақтардың барлығы дерлік «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесінің ашылуымен құттықтап сөз сөйледі. Бүгінгі күнге дейін өздерінің рухани орталықтарында өткізген іс-шараларына тоқталып, тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, тілек журналына жылы лебіздерін білдіріп, қолтаңбаларын қалдырды. Мәдени шара соңында университеттің белсенді жастары өз өнерлерін көрсетті.

WordPress Lessons