Еңбек демалысына шыққан ұстаздарға құрмет көрсетілді

         27.06. 2019 күні Алматы университетінің ұжымы 2018-2019 оқу жылының соңғы Ғылыми Кеңесінде Тәрбие ісі жөніндегі проректор Сымбат Тлегенқызы мен Мансап орталығының бастығы Хадиша Кондратқызын құрметті еңбек демалысына сән-салтанатпен шығарып салды. Ғылыми Кеңестің ашылуында құттықтау сөз сөйлеген университет ректоры Мүбәрак Ермағанбетұлы: «Университеттің негізгі игілігі – жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрамы десек, сіздер нағыз білікті маман ретінде 20 жылдан астам уақыт бойына жоғары оқу орнында ұстаздық қызметті де басшылық қызметті де қатар атқардыңыздар. Енді, міне, өмірдің бір белесін артқа тастап, құрметті еңбек демалысына шыққалы отырсыздар. Сіздердің ұстаздық ұлағаттарыңыз өсіп келе жатқан жастарға үлгі болары анық. Жас ұрпақтың рухани жан дүниесін байыту саласындағы еңбектеріңіз жемісті болып, алар асуларыңыз еңселі болсын! Алға қойған мақсат — мүдделеріңізге, аңсаған арман- тілектеріңізге жетіп, қадір мен құрметке бөлене беріңіздер,-деп тілек білдірді. Сонымен қатар, университеттің дамуына өзіндік үлес қосқан ұстаздардың иығына шапан жауып, университет ұжымы атынан Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.

        Экономика және құқық мектебінің деканы Нұрбол Мұхтарұлы сөз сөйлеп, университетке сіңірген ерекше еңбектеріне тоқталды. Сөз соңында нағыз жұмыстың енді басталатынын, яғни немере-шөберелердің тәрбиесін қолға алып, уақыттары босқа өтпейтінін айтып өтті.

        Белсенді студенттердің атынан университеттегі «Құлагер» бизнес клубының жетекшісі Ибрагимов Қуаныш құттықтау сөз сөйлеп, еңбек демалысына шыққалы отырған ұстаздарына ыстық ықыласқа толы сөз арнады.

      -Құрметті ұстаздар, сіздер осы күнге дейін университет үшін аянбай, адал еңбек етіп келдіңіздер. Қаншама күш-жігер мен уақыттарыңызды арнаған университетті қалдыру, әрине, өкінішті. Бірақ, өкінуге орын жоқ, өйткені, сіздердің алдарыңызда жаңа белес, жаңа жол. Ол жолда сіздерді жақындарыңыз, балаларыңыз, достарыңыз тосып тұр. Осы уақытқа дейін әріптестеріңіз бен түлектеріңіздің  алғысын алып, беделге ие болдыңыздар. Сіздердің орындарыңызды ешкім баса алмайды. Сіздерге шын жүректен рахмет айтамыз!»,-деді.

        Салтанатты рәсім соңында Сымбат Тлегенқызы мен Хадиша Кондратқызы университет ұжымына көрсеткен құрметтері үшін өз алғыстарын білдірді. Университет ректоры Мүбәрак Ермағанбетұлына және ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, Ғылыми Кеңес мүшелерімен естелік суретке түсті.

WordPress Lessons